ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚПАҒАННАН ҚОРЫҚ
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім жеккөрінішті іс көрсе, оны қолымен өзгертсін. Егер шамасы келмесе, онда тілімен. Ал бұған да шамасы келмесе, онда жүрегімен өзгертсін, алайда бұл иманның әлсіздігінің белгісі», - деген. (Муслим, 177). Құрметті бауырлар қолыма қағаз алып көңіліме қаяу салған, жаныма бататын жайтты жазуға бір жеккөрінішті іс түрткі болды. Ол вконтакте желісіндегі өте танымал топтардың бірі «Есьже, я приезжий!» тобы.
Шын мәнінде әрбір ұлтжанды азамат өз ұлтының руханиятын көтерудің жолын іздеуі керек. Адамдарды жақсылыққа шақырып жамандықтан тыю мұсылман баласының парызы. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю – қоғамның жеке тұлғалары ғана емес, бәлкім толық қоғамның көркеюіне де үлкен септігін тигізеді. Осы екі қасиетті өз бойында тәрбиелей білген қоғам қайкезде де жетістікте болмақ. Ал егер жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю жоғалатын болса, онда үммет үлкен құлдырауға душар болады.
Онсызда қоғамда орын алып жатқан сұмдық жайттардың куәсі болып жүрміз. Мұндай тақылеттес қоғамға қиын сәтте тура жол сілтеп, жақсылыққа шақырудың орнына іштей ірітіп, өңірлерді бір-біріне қарсы қойып, қазақты қазаққа айдап салып, Ислам дінін масқаралайтын жазбаларды жариялау арқылы елді Исламнан шошытып жатқан, бұзақылық, надандық, арсыздық пен ұятсыздықты ту еткен «Есьже, я приезжий!» тобы. Бұл топ әкімшілігінің Исламға қарсы жазбаларды жариялауы - Құдайдан қорықпайтындығының белгісі. Ал қазақта «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Жастар жағы рухани құлдырауға ұшырап жатқанда бұл топтың іс-әрекеті жығылғанға жұдырық болып отыр.
Намыс тобы «Есьже, я приезжий!» тобының соңғы 30 күнде жариялаған жазбаларына сараптама жасады. Қараңыздар:
- Бұзақылық жазбалар – жастар арасындағы сүйіспеншілік, бауырмалдық деген ұғымдарды жоюға және жастар арасындағы қылмыстың артуына бағытталған;
- Ұятсыздық жазбалар – жастар арасындағы ұяттылық деген ұғымды жоюға бағытталған;
- Арсыздық жазбалар – әртүрлі арсыз суреттер мен видеолар арқылы жастарды шариғаттағы үкімі ауыр күнәларға итермелеуге бағытталған;
- Надандық жазбалар – тәрбиелік мәні жоқ суреттер мен видеолар арқылы жастардың миын жууға (промывание мозгов) бағытталған;
- Отбасылық институтты бұзатын жазбалар – ата-анамен баланың арасындағы қарым-қатынасты бұзуға бағытталған;
- Арақ, темекі, насвай тақырыптарына қатысты жазбалар – жастарды харам заттарға үйір етуге бағытталған;
- Алауыздық жазбалар – «Шымкент» феноменін пайдалану арқылы өңірлер арасындағы алауыздықты тудырып, қазақты қазаққа айдап салуға бағытталған;
- ЛГБТ қозғалысына қатысты жазбалар – гейлер мен лесбиянкаларды жарнамалау арқылы азғындықтың қазақ жерінде таралуына бағытталған;
- Исламға қарсы жазбалар – Исламды масқаралайтын суреттер мен видеолар арқылы жастарды діннен алыстатуға бағытталған;
Бұл топ Геббельстің аксиомасы бойынша жұмыс жасайды: «Маған бұқаралық ақпарат құралдарын берсеңдер, мен кез келген халықты (өзіндік ойы жоқ айтқанға көніп, айдағанға жүретін) азғын хайуанға айналдырамын».
Құрметті бауырлар бұл топтың жазбалары жастарға жасалып жатқан рухани шабуыл. Топтың жазбаларын таратуға атсалысып, азғындықтың таралуына септігін тигізіп жатқан бауырларға бұл ісін доғаруын сұраймын. Бауырлар түсініңіздер бұл біздерге қарсы жасалып жатқан шабуыл. Азғындықтың таралуына көмектесіп өз тамырымызға балта шаппайық.
Кімде-кім Аллаһты жақсы көрер болса, онда ол адамдарды Аллаһтың жақсы көрген нәрсесіне қарай шақырып, Аллаһтың жек көргенінен тыюға асығар еді. Аллаһ Тағала Құранда:
«Сендер адамдар үшін жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын әрі Аллаһқа иман келтірген ең жақсы үммет болып шығарылдыңдар», - дейді мұсылмандар жайында. (Әли Ғымран сүресі, 110-аят).
Құрметті бауырлар бұл бәрімізге маңызды болған ортақ мәселе. Сондықтан барлық ұлтжанды бауырларды бұл топпен күресуге шақырамын. Бұл топқа қарсы біздің екі құдыретте қаруымыз бар. Біріншісі - дұға, екіншісі – бірлік! Бұл мақаланы көптеп тарату арқылы барлық мұсылман бауырларды ескертуді сұраймын. Алла тағала құранда: «Ескерт! Өйткені ескерту мүміндерге пайда береді» деді. (әз-Зарият сүресі, 55 - аят)
Ал топтың әкімшілігін тәубесіне келуін сұраймын. Сондай-ақ мына құдси хадисті еске салайын:
Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен хабарда пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім тура жолға шақырар болса, онда оған оның артынан ілескендердің сауабындай сауап болмақ. Олардың сауабынан ешнәрсе де кемітілмей беріледі. Ал кімде-кім адасушылыққа шақырар болса, онда оған оның артынан ілескендердің күнәсіндей күнәлар жазылмақ. Олардың күнәларынан ешнәрсе кемітілмей беріледі», -деген. (Муслим 2674).
(с) ҰЛТЖАНДЫ БАУЫРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ